Еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері республикалық референдумды өткізу кезінде коронавирустың таралуын болдырмау бойынша қаулыға қол қойды. Құжатта дауыс беру барысында инфекцияның таралуының алдын алу алгоритмі бекітілген. Оның орындалуын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері қамтамасыз етуі тиіс. Атап айтқанда, әлеуметтік қашықтықты сақтауды қамтамасыз ете отырып, референдумға қатысушылардың легін реттеу қажет. Сондай-ақ, дауыс беру алдында және күні бойы қажеттілігіне қарай үй-жайлар желдетілуі тиіс. Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирустың таралуы бойынша эпидахуал тұрақты. Наурыз айынан бері республика «жасыл» аймақта орналасқан. Ел аумағында карантиндік шектеулер алынып тасталды.