Жаһандық пандемия бұқаралық ақпарат құралдарының сандық үлгіге көшуін жылдамдатты. Бұл жөнінде Аstana Media Week апталығы аясында жаңа ковидтен кейінгі әлемдегі қоғам және БАҚ тақырыбында өткен пікірталас барысында айтылды.
«Нұр-Медиа» холдингінің басшысы Болат Кальянбеков бұл үрдіс баспа құрылымдарында айқын көрініс тауып жатқанын тілге тиек етеді. Мәселен, газеттердің тиражы 30% дейін қысқарған. Шекаралардың жабылуы мен шектеу шараларының салдары қағаздың қымбаттауы, жалпы типографиялық қызметтер құнының 15% өсуіне әкеліп соққан. Соңғы бес жылда жалпы жарнама нарқындағы баспа құралдарының үлесі екі есеге азайған. Тығырықтан шығудың жолы ғаламтор желісі арқылы таралу болды. Есесіне, онлайн нұсқадағы оқырмандар еселене түскен. «Дей тұра, ақпарат жылдам тарағанымен олардың сараптамалық қасиеті жоғалып барады», – дейді маман.
Болат Кальянбеков, «Нұр-Медиа» холдингінің басшысы:
- Әлбетте, БАҚ-тағы баспа ісінің толықтай жойылып кетуін айту әлі ертерек деп ойлаймын. Олардың өздерінің тұрақты оқырманы бар. Бұл орайда тек баспа қызметі ақпараттың таралу жылдамдығына қатысты жаңалықтың қайнар көзі болу, жеделдік қасиеттері сынды өзектілігін жоғалтып баратынын түсінген жөн. Алайда олар болып жатқан оқиғаларды тереңірек түсіну жағынан келгенде өз маңызын сақтап келеді. Бұл түрлі бағыттағы сұхбаттар мен сараптамалық материалдар. Ол қашанда сұраныста болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов