Қазақстанда ерлердің қуықасты безі қатерлі ісігін анықтауға арналған
бірегей технологиясы енгізілді. Оның негізіне радиофармацефтикалық препараттың жаңа
буынын пайдалану әдісі кіреді. Отандық жүйе Президент Іс басқармасы
ауруханасының ядролық медицина орталығында әзірленді. Ол онкологиялық ауруларды
ерте кезеңінде, тіпті МРТ немесе КТ аппараттарында танылмаған жағдайда да анықтауға
мүмкіндік береді. Мамандар озық өнертабыс еліміздің ядролық медицина саласының
дамуына тың серпін беретінін алға тартып отыр.
Бауыржан Абышев, МО ауруханасы Циклотрон-өндірістік
кешенінің басшысы:
- Бұл радиофармпрепаратты енгізу үшін бізге жарты жылдай
уақыт керек болды. Әдетте әлемдік тәжірибеде бұл жарты жылдан екі жылға дейін
уақыт алады. Біз барлық талаптарды ұстанамыз. Толық бақылау, яғни басынан шығыс
материалдарынан бастап препараттың шығарылуына дейін осы орталықта жүзеге
асырамыз. Біз бұл әдістің сапасына кепілдік бере аламыз.
Айгүл Сәдуақасова, МО ауруханасы Ядролық медицина орталығының
басшысы:
- Осы
ісіктің түрін анықтау көрсеткіші 2-3 есеге артты. Бірақ бүгінгі таңда 8 мыңнан
астам ер адам осы қатерлі ісікке шалдыққан және жыл сайынғы өсім 500-800 адамға
дейін жетеді.
Препараттың жоғары сапасы және ұзақ ыдырауы оны кеңінен
пайдалануға және тексерілетін науқастардың санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сынақ
кезеңінде алғашқы бес адам диагностикадан өтті. Айта кетсек, Ядролық медицина
орталығы барлығы 10 радиофармацевтикалық препарат шығарады. Олар онкологиялық ауруларды дәл анықтауға бағытталған.

