Арқаның кербез өлкесі Көкшедегі Бурабай ұлттық курорттық аймағына келушілер қатары биыл артпаса кемімейді деп күтілуде. Бұған туристік аймақтағы демалушыларға жасалған ұсыныстар қатарының көбеюі ықпал етспек. Бір ғана жылқыны алғаш қолға үйреткен Ботайлықтар туралы баяндайтын ашық аспан астындағы музей ұжымы осы маусымда 6-7 мыңнан астам турист келеді деп дайын отыр. Айрықша кешен отандық археолог Виктор Зайберттің Солтүстік Қазақстан өңіріне жүргізген жұмыстарының нәтижесі. 7 түрлі тұрғын үйден тұратын музей ежелгі энеолит дәуірінен хабар береді.
Юлия Железнова, Ботай-Бурабай музейінің экскурсоводы:
– Біздің музейге қазіргі таңда 1000-ға жуық адам келіп үлгерді. Азаматтар үлкен қызығушылық танытуда, себебі олар бұл үйлердің не екені, ішінде не барын толық білгілері келеді. Расында, бұл өте ерекше музей, ашық кеңістікте алайда жер астында орналасқан бірегей орын. Сондықтан да адамдардық қызығушылығы орынды.
Туристерді көп тартатын нысандардың бірі - мультимедиалық интерактивті кешен. Мұнда Самұрық құсының биіктігінде республиканың барлық өңіріне вируталды саяхат жасауға болады. Ал «Мәңгілік ел» залы қазақ халқының шежіресінен сыр шертеді. Онда сіз «Өмір ағашы» арқылы әр қазақтың ру-тайпалық құрамы жайында толыққанды ақпар аласыз.
Бурабайдың ерекше сұлу аймақ екенімен қатар, оның шипажайларға санаторийлерге толы мекен екені белгілі. Дәл қазір біз сол шипажайлардың бірінде тұрмыз. Мұндағы ерекшелік теңбіл маралдарында. Олар менің артымда тұр. Бұл маралдардың мүйізінен негізінен адам денсаулығына пайдалы түрлі дәрумендер алынады. Маралдарға келетін болсақ, дәл осы аймаққа еліміздің шығыс өңірінен арнайы әкелінген екен. Қазіргі таңда мұндағы олардың саны 300 -ге тартады.
Аталған фермада маралдарды өсіру 2015 жылы басталған. Содан бері шипажайға келушілер түрлі ауру-сырқаттарын емдеуге, оның ішінде иммунитет көтеруге, денсаулқыты қалпына келтіруге келеді, дейді мамандар.
Михаил Ионов, мал дәрігері:
– Көпшілік маралдардың мүйіздерін кесу процессін жануарларға зиян келтірумен тең деп жатады. Бұл үлкен қателік. Бұл процесс тіпті оларға пайдалы деп айта аламын. Себебі, біз жануардан 200 мл артық қан алмаймыз. Яғни, бұл емдік шара болып есептеледі. Қан алғаннан кейін керісінше жануарлардың метаболизмі жақсарып, бұлшықет массасы көбейе түседі. Ал мүйізден түрлі тұнбалар, сорпалар, пантокрин жасалады. Бұлар денсаулықты қалпына келтіріп, иммунды күшейтуге таптырмас шипа.
Айта кетейік, Бурабай ұлттық паркі 2000 жылы құрылған. Бүгінде ол Қазақстандағы туристер ағыны көп келетін ең көрікті аймақтардың бірі.