Коронавирустың жаңа «еta» штамы Қазақстанның төрт бірдей аймағында анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, инфекцияның жаңа нұсқасы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында тіркелген. Министр ағымдағы жылдың шілде, тамыз айларында СOVID-19 науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілерді секвенирлеу әдісімен коронавирустық инфекцияға генетикалық зерттеу жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесінде 96 үлгіде штамдардың айналымы анықталды. Атап айтқанда «дельта» – 59 %, «британдық» – 25%, «ухань» – 10% және «еta» – 5%. Коронавирустың жаңа түрінің пайда болуы алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болғанын айта кеткен жөн. Инфекцияның алғашқы белгілері Нигерия мен Ұлыбританияда анықталды. Бүгінгі таңда ДДСҰ мәліметтері бойынша «еta» штамы әлемнің 70-тен астам елінде табылған. Ауру белгілерінің ішінде жоғары температура, жөтел, иіс пен дәм сезбеу бар.
Авторы: Ақзер Сегізбай