Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 2,9 есеге өскен. Бұл вакцинация мен ревакцинация қарқынының төмендеуімен тікелей байланысты, дейді еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті. Себебі COVID-19-ды жұқтырғандардың 80%-ке жуығы вирусқа қарсы екпе алмағаны дәлелденіп отыр. Сондай-ақ олардың қатарында соңғы вакциналаудан кейін 6 ай өтіп кеткен азаматтар да бар . Бұл – вакцинацияның вирусқа қарсы тиімділігін дәлелдейтін тағы бір көрсеткіш дейді сала мамандары. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде вакцинаның екі компонентімен егілгендер қатары 9 жарым миллионға жуықтады. Ал ревакцинацияланғандар 4 милилон 800 мыңнан асады.
Айта кетейік, Республикада өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың 330 жаңа жағдайы тіркелді. Науқастардың басым бөлігі Алматы қаласында – 191 тұрғыннан анықталды. Одан кейін елордада 36 ковид науқастың диагнозы ПТР зерттеу арқылы қуатталды. Жалпы, пандемия басталғалы елімізде 1 млн 308 мыңнан астам тұрғын коронавируспен ауырған.