Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артады

Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артады

Мәселен, 2030 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату көрсеткішін 40%, ал 2050 жылға қарай 60% дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде ел Үкіметінде «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында белгілі болды. Салалық министрліктің дерегінше, 2040 жылға қарай халықты қалдықтарды жинау және өңдеу қызметтерімен толықтай қамту көзделген.  Бұл ең алдымен ауылды жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы жүзеге аспақ. Бүгінде өндірістік қалдықтардың да елдің экологиялық ахуалына кері әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. 2050 жылға дейін олардың да үлесін азайту қамында 60% кәдеге жаратылатын болады. Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы мәселенің түйіні тарқатылмақ. Бұған қоса қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын кешенді қалпына келтіру және жаңадан салу жұмыстары қолға алынады. Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, 10 жыл ішінде экономиканың энергия сыйымдылығы үштен бірге қысқартылған. Бүгінгі таңда ел бойынша жалпы  қуаты 2,5 мың МВт асатын 132 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. 2027 жылға қарай тағы 7 мың МВт-қа жуық баламалы қуат көздері ендірілмек. Премьер-министр тиісті министрлікке Тұжырымдаманы өзектендіруді жеделдетіп, жобаны 1 желтоқсанға дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды.