Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінеді. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге көп.
Үкіметте өткен кеңесте көктемгі дала жұмыстарына қаржы бөлу мәселелері талқыланды. Мәселен, «Азық-түлік корпорациясының» форвардтық сатып алуы үшін 40 млрд теңге, «Кең дала-1» бағдарламасы бойынша 140 млрд теңге бөлінді, олардың басым бөлігі аграрийлерге берілді. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 22,5 млрд теңгеге өтінім қабылданды. Сондай-ақ жақын арада Үкімет резервінен және жергілікті бюджеттерден пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 100 млрд теңге бөлінбек. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жылдық 5%-бен қосымша 400 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.
Агро саланы уақытылы қаржыландыру мәселесі бүгінде Үкіметте ерекше бақылауда. Министрлер кабинетінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын көктемгі егіс науқанын өткізудің маңыздылығы атап өтілді.