Қазақстандық ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланды. Халықаралық термоядролық реактор салуға арналған зерттеу тобы Қазақстанның Ұлттық ядролық орталық мамандарының жұмысын мықты атқарылған еңбектердің бірі деп атады. Айта кетейік, таза энергия алу мақсатында 10 жыл бұрын Францияның оңтүстігінде реактор құрылысы басталған еді. Қазақстан бұл ғылыми жобаға 2017 жылы қосылды. Біздің ғалымдарымыз материалдардың беріктігін термоядролық синтез жағдайында сынап көреді. Осы еңбектің нәтижесі әлемдегі ең үлкен термоядролық камераны салуға пайдаланылмақ. Пандемияға байланысты ITER-ді іске қосу мерзімі кейінге шегерілген. Қазіргі жоспар бойынша аталған қондырғы 2027 жылға дейін іске қосылуы мүмкін. Жобаның басты мақсаты –қауіпсіз, экологиялық жағынан таза және шексіз қуат көзіне қол жеткізу.
Ерлан Батырбеков, ҚР Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры:
– Жұмыс бастан асады. Еңбегімізге ITER-дегі серіктестеріміз дән риза. Сондықтан бұл бағыттың болашағы әлі алда деп ойлаймын. Бұл жобаға әлемнің жетекші 7 елі қатысып жатыр. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы адамзат тарихындағы ғаламат міндеттің тиімді шешімін табуға атсалысып жатқанын мақтан тұтамын.