Қазақстанда халық санағының бірінші кезеңі басталды

Қазақстанда халық санағының алғашқы кезеңі жүріп жатыр. 1 маусымнан бері санақшылар еліміздің елді мекендерін аралауды бастады. Ондағы мақсат – үйді-үйге соғып, тұрақты мекенжайы бар азаматтардың тізімін нақтылау. Бұл арқылы, ең алдымен, ауылды аймақтар мен қалаларды жеке-жеке жіктейтін санақ учаскілерін құрудың мүмкіндігі туады. Осы жұмысқа 5 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Ұлттық науқанның негізгі кезеңі алдағы күзде өтетін болады. Яғни 1 қыркүйектен бастау алады. Бұл жолы сауалнамаларды дәстүрлі және онлайн түрде толтыруға болады. Қазанның ортасына дейін қашықтан, ал сол ай бойы үйді-үйді аралау арқылы жүргізіледі.

Олжас Сайлаубекұлы, «Ұлттық халық санағы – 2021» ресми өкілі:

- Әр азамат санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады. Өйткені жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтатуға және оны кейін қайта жалғастыруға мүмкіндігі болады. Осы жолды көбірек таңдау пандемия кезінде адамдардың қарым-қатынасын азайтуға септеседі.

Осы жолы барлық үрдіс автоматтандырылып, оған сандық технологиялар ендірілетін болады. Ешкімді назардан тыс қалдырмас үшін сауалнаманың парақтарын алғаш рет sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн режимде толтыру мүмкіндігі жасалмақ. «Бұл жиналған мәліметтер сапасына адами фактордың ықпалын азайтуға, ақпараттың нақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді мамандар.  

Еске салайық, биылғы ұлттық санақта азаматтарға барлығы 87 сұрақ қойылады. Оның 67-сі негізгі, 20-сы нақтылау сауалдары.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов