Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлімдеді. Үкімет басшысы өз сөзінде елдің әр азаматының санаққа қатысуы маңызды екенін айтты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы 1 қыркүйек - 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білесіздер, мұның алдындағы санақ 2009 жылы өткен. Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көптеген көрсеткіш алынады. Сондықтан еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор. Процесті автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр.
Отырыс барысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары санақ жүргізу кезінде қағаздың орнына планшет қолдану, шараның шығындарын біршама азайтатынына айрықша тоқталды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
- Цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және қағаз құжаттың орнына планшеттерді қолдануға байланысты санақ 2009 жылдың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан. Бұл ретте деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі. Санақ жүргізу – бүкіл қоғамның қатысуын талап ететін ауқымды іс-шара.
Айта кетейік, санақ барлық елде өткізіледі. Биыл әлемнің 61 мемлекетінде жоспарланған.