Қазақстанда этносаясат магистрлерін даярлайтын алғашқы бағдарлама іске қосылды. Бұл – еліміздің жоғарғы оқу орындарының білім беру жүйесінде бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Тіпті Орталық Азия аймағында баламасы жоқ бастама.
Бірегей жоба аясында арнайы екі жылдық оқу бағдарламасы құрылды. Қазақстандықтармен қатар шетелдіктерді оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Бар үрдіс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Дәрістерді Еуразия ұлттық университетінің «саясаттану» және «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының оқытушылары оқиды.
Бағыш Ғабдулина, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «саясаттану» кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:
- Қазақстан Республикасы – көп диаспоралы мемлекет. Демек, әуелі Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың саяси тарихына зерттеу, зерделеу жасау керек. Сондай-ақ әлемдік саяси процестегі этносаяси үрдістерге талдау жасау көзделіп отыр. Себебі мемлекеттің саяси тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір факторы – этносаяси қатынастың тиімді, оңтайлы шешілуі.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов