Қазақстанда электрондық сауда
қарқыны белсенді түрде дамып, ел экономикасының қозғаушы күшіне айналып келеді.
Мәселен, 2020 жылдан бері оның көлемі 5 есеге дейін өскені байқалады. Ал өткен
жылдың қорытындысы бойынша электрондық сауда деңгейі 3,2 трлн теңгеге жетті.
Осылайша елдегі бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі қолма-қол ақшасыз есеп
айырысудың үлесі 14 жарым проценті құрады. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті
18,5% жеткізу межеленген. Үкімет
отырысында бұндай деректермен сауда және интеграция министрі бөлісті. Арман Шаққалиев былтыр саланы
одан әрі дамыту қамында 2027-ші жылға дейінгі арнайы стратегиялық жоспар
қабылданғанын тілге тиек етті.
Арман
Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қабылданған жоспар шеңберінде электрондық
сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру, барлық өңірлерде электрондық
сауда бойынша оқу курстарын жүргізу, сондай-ақ электрондық сауда кәсіпкерлеріне
мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын жүргізу жұмыстары жалғасуда.«Атамекен»
Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп республика бойынша кәсіпкерлер үшін
электрондық сауда бойынша оқу орталықтары ашылды.
Сондай-ақ, елімізде электрондық
сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеуге қатысты жұмыс жүргізілуде. Ол
Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық
ұйымы және Орталық Азия аясында жүзеге асырылуда. Үкімет басшысы осы бағытты
дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Ол Қазақстандағы бүкіл
сауда, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін
цифрландыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар әзірлеу
міндетін қойды. Бұл ретте жалпы өнімнің сапасына, азаматтардың зияткерлік
меншігі мен дербес деректерін қорғауға баса назар аудару қажеттігін айтты.
Олжас
Бектенов, ҚР Премьер-Миниистрі:
- Сауданың дамуы көлік, логистика және қойма инфрақұрылымына тікелей байланысты. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде, сол сияқты халықаралық деңгейде тауарларды жеткізудің тиімді тізбектерін қалыптастыруы қажет. Мүдделі мемлекеттік органдармен және «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығымен бірлесіп, электрондық коммерцияны дамытуды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеуі керек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

