Бұл жөнінде Үкімет отырысында айтылды. Былтыр мемлекет тарапынан бақылаудың 35 саласы сандық үлгіге көшіріліп, 16 ақпараттық жүйе Smart Data Ukimet жобасына кірістірілді. Үстіміздегі жылы бұған қатысты қалған жұмыстың бәрі тындырылмақ. Сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлікті «таза парақтан» реттеу жұмыстарына талдау жүргізу үшін іскерлік ортадан 100-ден астам сарапшы тартылған. Нәтижесінде, жаңа реттеу саясатына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам талап анықталды. Қазіргі таңда бұл олқылықтарды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:
- Сонымен қатар реттеу салаларын талдау қорытындысы бойынша Smart Data Ukimet платформасында кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, ол реттеуші актілерді тұрақты негізде қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте бизнес-ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильотина» әдісі қолданылатын болады. Ол кәсіпкерлерді талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуды қарастырады.
Осы бағыттағы кешенді шаралар Қазақстанда 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер санының 4,7 млн адамға дейін өсуіне және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл алдымен бизнес ахуалды жақсартып, жеке кәсіп иелеріне қолайлы жағдай жасаудың қамы дейді, үкіметтегілер.