Қазақстанда 2021 жылы «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң әзірленеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді. Аталған заңды жүзеге асыру аясында бақылау жүйесін жетілдіру үшін 38 нормативтік-құқықтық актіге халықтың денсаулық жай-күйін бағалау, сараптама жасау және болжау жүйелерін дамыту, сын-тегеуіріндерге қарсы әрекет ету бөлігінде түзетулер енгізіледі. Мемлекеттің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазынадан 55 млрд теңге қаржы бөлінетінін атап өткен жөн. Қомақты сома заманауи қорғаныс құралдарын енгізу және медициналық қызметтерді цифрландыруға жұмсалады. Бұл бағыттағы жұмыстар 2025 жылы аяқталады.
Сондай-ақ кеңейтілген отырыста ведомство басшысы 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 561 мың теңгеге дейін жететінін айтты. Яғни, алдағы үш жылда 247 мың маман жұмысына лайықты ақы алады.
Айта кетейік, осы жылдың өзінде дәрігерлердің жалақысы 30 процентке артты. Ол үшін қазынадан 222 млрд теңге бөлінді.