Коронавирустан толық айыққан адамға вакцина алуға болады. Екі түрлі екпені біріктірудің тиімділігі шамалы. Иммундау науқанынан өткен әйелдер 2 айдан кейін жүктілікті жоспарлай алады. Алкоголь антиденелердің түзілуін баяулатады. Вакциналауға қатысты қоғамда қызу талқыланып жатқан осы және өзге де сауалдарға кәсіби мамандар арнайы брифинг барысында жауап берді.
Ләззат Ералиева, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының орынбасары:
- COVID-19-ға қарсы екпе алу – бұл бірінші кезекте балалар, жүкті әйелдер, иммундық тапшылығы бар вакциналауға жатпайтын халықты қорғаудың бірден-бір амалы. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – қатерлі інтеттің таралу тізбегін тоқтату. «Вакциналар адам ағзасында аурудың пайда болуы немесе ушығуына алып келмей ме?» деген сұрақтар жиі қойылып жатады. Жоқ, егіліп жатқан вакциналар аурудың пайда болуына түрткі бола алмайды. Себебі бұл тірі вакциналар емес. Антиденелер иммундаудың екінші дозасын алған соң, 35-45 күннен кейін ғана пайда бола бастайды.
Бүгінгі таңда 60 жастан асқандардың арасында иммундау курсын 121 мыңнан астам адам бастады. Олардың 8 мыңы толық компонентін аяқтады. Бұл орайда созылмалы ауруы бар адамдар саны 32 314-ке жетті. «Әзірге екпенің айтарлықтай кері әсері тіркелген жоқ», – дейді сала мамандары.
Манар Смағұл, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары:
- Қазіргі кезде иммундаудан кейін күрделі қолайсыз белгілер тіркелмеді. Сонымен қатар вакцина алған адамдардың 0,4% болуы мүмкін реакциялар тіркелді, яғни температура, екпе жасаған жердің қызаруы мен ауырсынуы секілді жалпы белгілер байқалды.
Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде 823 мыңнан астам адамға коронавирус вакцинасының бірінші компоненті егілді. 26 сәуірде иммундауға жататын адамдар отандық екпені салтырта алады. Өңірлерге алғашқы 50 мың дозасы жеткізілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов