Мәселені ел талқысына шығарған Денсаулық сақтау министрлігі. Ведомстваның дерегінше, елімізде бір реттік темекі мен вейптерге әуестенген оқушылар қатары еселеніп барады. Жасөспірімдерге никотин өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 400-ден астам кәсіпкерге айыппұл салынды. Әйткенмен белең алған вейп эпидемиясына тосқауыл болмай тұр.
Жастар арасында электронды темекі тарту - заманауи тілмен айтқанда тренд. Статистикаға жүгінелік. Бір реттік темекі шегетін 11-ден 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің саны соңғы жылдары 3 есе өскен. Электронды вейпті ермекке айналдырудың түбі ағзаның соры екенін балалар толыққанды ұғынбайды дейді, мамандар.
Гүлнара Алтынбаева, педагог- психолог:
- Жасөспірім кезінде балалардың бір-біріне еліктеуі нейрофизиологиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, лимбикалық жүйенің қарқынды дамуы яғни, құрбылармен бірге болу, мінез ерекшеліктері, қызығушылықтары ортақ болуға ұмтылады. Сонымен қатар, психика толыққанды қалыптаспағандықтан тәуекл жасауға бейім, талдау үрдісі толық дамымағандықтан осындай әрекеттер жасайды. Электронды темекіні құрбыларының алдында беделін көтеруіне емес, түсірмеу үшін қолданады. Оны зиянсыз ермек деп қарауы мүмкін. Бірақ кері әсерін тигізетінін білмейді.
Балалардың қызығушылығын қанағаттандыруы қиын емес, тіпті қолжетімді. Еліміздегі кез-келген дүкен сөресінде бір реттік темекінің сан-түрі самсап тұр. Тіпті әлеуметтік желілерден тапсырыс беріп алдыруға болады. Пайда қуған кәсіпкерлер олардың жасын қадағалап жатқан жоқ. Құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 21 толмаған жастарға никотин өнімдерін сатқандардан 6 миллион теңге өндірілген. Бүгінде ел ішінде осындай 400-ден астам құқық бұзушылық тіркелген.
Розалина Ермекпаева, ҚР ДСМ азық-түлік емес тауарларға техрегламенттерді бақылау басқармасының басшысы:
- Әзірге бекітілген техникалық регламент жоқ. Сондықтан кәсіпкерлерден сәйкестік сертификатының немесе декларацияның болуын талап ете алмаймыз. Дегенмен олар өз өнімдерінің стандарт талаптарына сәйкестігін тексеруге құқылы. Қазір бұл тұрғыда санэпидбақылау комитеті мүмкіндігінше осы ұлттық стандарттарды енгізу жұмыстарын жүргізуде. Аккредиттеуден өткеннен кейін біздегі Ұлттық сараптама орталықтары вейптердегі никотин құрамын анықтай алады және мемлекеттік бақылау шеңберінде вейптерге тыйым салу бойынша шараларды қолдана алады.
Техникалық регламент тыйым салу емес, белгілі өнім қауіпсіздігін реттеуге бағытталған шара. Қазақстанда әлі күнге дейін бір реттік вейптерге зерттеу жүргізілген жоқ. Еуропа сарапшылары олардың құрамында ауыр металдар мен психотропты заттар бар екендігі туралы ресми мәлімет берген. Отандық дәрігерлер осыны негізге алып, жасөспірімдерге электронды темекі сатуға, тұтынуға және вейп айналымына шектеу қоюға тырысып бағуда. Ал қарапайым тұрғындар өз ұстанымын денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жолдай алады.