2025 жылдан бастап елімізде кедейлік шегі ең төменгі күн көріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды. Мәжілістің Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деп мәлімдеді. Ведомства басшысының айтуынша, отбасы әл-ауқатының нақты дәрежесін көрсететін өлшем ретінде танылған әдіс бүгінде дамыған елдердің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Бұған қоса, жаңа әлеуметтік кодекс жобасында мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасылар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен қайта құру көзделген.
Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттарын даярлау және жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастырылып отыр. Әлеуметтік жұмысқа біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана тартылатын болады.
Халықаралық тәжірибе негізінде елде ендіріліп жатқан тағы бір жаңашылдық отбасының цифрлық картасы. Ол мемлекеттік органдардың қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде құрылады. Жүйе 6,3 миллион қазақстандық отбасы немесе 19,4 миллион ел азаматы туралы ақпаратты қамтиды. Сандық тұғырнама, атаулы әлеуметтік көмек қызметін жетілдіруге сеп болды дейді, Тамара Дүйсенова.
Тамара Дүйсенова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы ұсынған Алкире-Фостер моделін пайдалана отырып, әрбір отбасының әл-ауқат дәрежесін анықтадық және оларды 5 санатқа бөлдік. Нәтижесінде, әлеуметтік саясат шараларының отбасы әл-ауқатын көтеруге қаншалықты ықпал еткендігін яғни тиімділігін бағаладық. Сонымен бірге отбасыларларға және олардың мүшелеріне қандай мемлекеттік көмектің түрі қажеттігін анықтауға мүмкіндік алдық.