Қазақстанда археологиялық қор құрылады. Ол үшін елде 2023-2025 жылдарды қамтитын арнайы Жол картасы әзірленген. Бұған қоса, тамыры терең тартқан төл тарихты түгендеу қамында қазба барысында табылған олжалардың жалпы қоры жасақталмақ. Онда музей қорына тапсырылмайтын құнды жәдігерлер жинақталатын болады. Олардың бәрі сандық үлгіге көшіріледі. Далалық тың деректерді жүйелеу бағытында бірқатар монографиялық еңбек жарық көреді. Мәселен, 2025-2027 жылдарда «Қазақстан археологиясы» атты академиялық көптомдық шығару жоспарланған. Археологиялық зерттеулермен қамтылатын «Қазақстан тарихының бірінші томы» алдағы жылы оқырманға жол тартпақ. Бұған қоса, қазақ тілінде «Археологиялық сөздер мен терминдердің сөздігі» жасалады. «Қазақстан археологиясы деректер мен зерттеулер» атты үлкен сериялық басылым жалғасын табады.
Ақан Оңғар, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры:
-Бұнда бүкіл Қазақстан археологтарының көп жылдық зерттеулерінің нәтижелері жарияланатын үлкен монографиялық сериялық басылым болып есептеледі. Бұл басылым бойынша қазір 14 том шыққан. Үш жылдың ішінде 50 томға жеткізіп түгел жасалынған қазба-зерттеу мен далалық және зертханалық жұмыстар бойынша үлкен мәліметтер қорын жасақтап кітапті реттейміз деген ойымыз бар.