Қазақстанда әйгілі
апорт қайта жаңғыртылады. Осының қамында елімізде бұл өнімнің тұқымын түлететін
арнайы бағдарлама әзірленді. Сондай-ақ, отандық сорттың ұлттық стандарттары
қабылдануда. 4 жылға жоспарланған ауқымды жоба бірнеше кезеңді қамтымақ. Ол
үшін ғалымдар ең алдымен барлық алма ағаштарының атасы саналатын «Сиверс»
тұқымын жинаған. Келесі кезекте аналық көшет бағы құрылмақ. Бұл шаруаны жүзеге
асыру үшін 2025 жылы жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының
филиалында 10 гектар тәжірибелік алаңға апорт отырғызу көзделген. Келесі қадам
оның аумағын 100 гектарға дейін ұлғайту.
Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ Агромелиорация басқармасының басшысы:
– «Апорт» өте талғампаз алма ағашы болып табылады. Оны өсіру және күту оған ерекше жағдайды қажет етеді. Сапалы жемістерді тек теңіз деңгейінен кем дегенде 450-1250 метр биіктіктен жоғары өсетін бақтардан алуға болады. Бұл аталған учаскілер Алматы тау бөктерінде, сонымен қатар Алматы облысында бұндай жерлер көп емес. Бүгінгі күні 4-6 жылдан кейін толық жеміс беретін алма ағаштарынан айырмашылық бұл «Апорт» алмасының толық жеміс беру 8-9 жылды құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр алматылық апорт ресми түрде Қазақстанның брендіне айналды. Сарапшылардың айтуынша, отандық алма сорты ертеден-ақ отандастарымыздың ғана емес, шетелдіктер арасында да өзінің көлемі мен дәміне байланысты танымалдыққа ие болды. Сондықтан бұл өнім түріне деген сұраныстың жоғарылығына күмән жоқ. Ендігі кезекте оны қайта жаңғыртудың маңызы айрықша дейді, мамандар.
Ажар Жандосова, «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының директоры:
- Менің ойымша, аты аңызға айналған апортты қайта
жаңғырту бағдарламасы Алматының бұрынғы даңқын қайта жаңғырту жөніндегі үлкен жобаның
басты құрамдас бөлігінің бірі болуы тиіс. Жалпы өңірдің алма отаны деген атағын
қайтару қажет. Себебі біздің өлке жер бетіндегі көптеген алмалар түрлерінің отаны
деп танылды. Мұны еліміздің туристік бағытын дамыту үшін кәдеге жаратуға болады
деп санаймын.
Жеңіс Ермұқанов

