Мәдениет және спорт нысандары бой түзейді. Ең бастысы таза ауыз су мәселесін шешуге басымдық берілмек. Үкіметтің кезекті отырысында «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. 2019 жылы іске қосылған бағдарлама аясында енді ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленген. Жалпы, осы аралықта әлеуеті жоғары үш жарым мың ауылды өңірлік стандарттар жүйесіне сай келтіру межесі тұр. Мақсат - ауыл халқының жайлы өмір сүру ортасын құру.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Тұтастай алғанда тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген.