Астанада Digital Bridge форумы өтеді

Астанада Digital Bridge форумы өтеді

Астанада өңірдегі айти-технологиялар саласындағы басты оқиғаға дайындық жүріп жатыр. Елордада 12-13 қазан күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Digital Bridge форумы өтеді. Дәстүрлі іс-шара өз алаңында саланың үздік халықаралық және отандық сарапшыларын, венчурлік инвесторлар, әлемдік айти-компаниялардың көшбасшыларын және талантты стартапшылардың басын қосады. Әдеттегідей озық жобалар мен көпшілікке шарапаты тиетін өнертабыс авторлары халықаралық технологиялық форум шеңберінде өзін кеңге насихаттап, бизнес қауымдастық және мемлекеттік мекеме өкілдерімен  әлеуетті ынтымақтастық аясын талқылап, пысықтау үшін бірегей мүмкіндік алады. Айта кетейік, ауқымды шараны ұйымдастыруға елдің  цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Бас шаһар әкімдігі және Astana Hub халықаралық технопаркі мұрындық болған.

Мағжан Мадиев, Astana Hub директоры:
- Форумның биылғы тақырыбы – жасанды интеллект. Жалпы осы жасанды және адамның интеллекті арасында үйлесім табу. Яғни екі түрлі ақыл-ой жүесінің ара-жігін бөліп, тепе-теңдігін анықтау. Бұл жиынға кемі 20 мың адам қатысады деп күтілуде. Былтырғыдай Президент, Үкімет мүшелері, ұлттық компаниялар, венчурлік инвесторлар, стартапшылар мен айти компаниялар қатысады. Көрмеде 200 астам жоба ұсынылады. Панельдік сессиялар, пікірталастар мен тәжірибе алмасу және шеберлік сабақтары ұйымдастиырылады. 25 елден спикерлер келеді. Сондай-ақ форум аясында Қазақстанда алғаш рет Google for Startups самиті өтеді. Бірқатар жетекші әлемдік компаниялардың топ-менеджерлері қатысады.