Қазақстанда 2025-ші жылғы егіс және орақ науқанын қаржыландыру 700 млрд теңгені құрайды. Осы айдың соңынан 100 млрд теңгенің қаржыландыруы басталады. Қазірдің өзінде 500-ден астам шаруадан жеңілдетілген несие алуға өтінім түскен. Бұған қоса ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 5% жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 200 млрд теңге бағытталмақ. Егістікке қажетті техникалардың отандық өндірісі 30-50% аралығында ұлғаяды. Тұқым сапасын арттыруға да ден қойылуда.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мемлекет басшысы 2028 жылы отандық тұқым қорының көлемін 80%, оның ішінде элиталық тұқым көлемін кемінде 15% дейін жеткізуді тапсырды. Бізде әлеует жеткілікті. Ғылыми институттар қазірдің өзінде астықтың өнімділігін арттыратын тұқым сорттарын шығарып жатыр. Біз үздік әлемдік практикаларды қолдана отырып, аграномия ғылымын одан әрі дамытатын боламыз.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы 2027-ші жылға дейін агросекторда жалпы құны 2,3 трлн теңгенің 700-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл қайта өңделген өнімдердің үлесін 70% дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Жеңіс Ермұқанов