Қазақстанда туристер өз ұсыныстарын қалдыра алатын арнайы сайт құрылды

Қазақстандағы туристік қызметтердің сапасын арттыруға еліміздің әр тұрғыны және әр қонағы өз үлесін қоса алады. Азаматтар ұсыныстары мен шағымдарын арнайы сайтта қалдыра алады. Shagym.kz порталы E-tourism жүйесіне енгізілген. Цифрлық модуль салада жұмыс істейтін нысандардың, туристік компаниялардың, жол бойындағы сервистердің, гидтердің қызметін бағалау үшін құрылды. Сайтта шағым не өтініш қалдыру үшін турист порталдағы сауалнаманы толтырып, өз сөзінің дәлелі ретінде фотосурет тіркеуге тиіс. Мәліметтерді жүйенің өзі талдайды. Пайдаланушылардың ескертулерін, шағымдарын немесе ұсыныстарын мемлекеттік органдар, әкімдіктер және бизнес бірлесе пысықтап, шешімін іздейтін болады, деп хабарлайды «Қазақ туризм». 

Талғат Аманбаев, «Қазақ Туризм» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы:

– Shagym.kz деген сайт. Кіресіз де, өз шағымыңызды немесе ұсынысыңызды жазып, қажет десеңіз дәлел ретінде фотосуреттеріңізді тіркеп қоюға мүмкіндік бар. Жүйеде санаттар жеке-жеке бөлінген: дәретхана, шекара, қоқыс, қонақ үй, туроператор, көлік компаниясы деген сияқты. Алматыда, не Шымкентте ме, мәліметтер жинақталып, нақты сол аймақпен жұмыс жүргізіледі. Оларға хабарласып, ескертулер туралы айтып, фотодәлелдерін келтіреміз. Сонда әкімдіктер проблемаға назар аударады.