Қазақстанда 12 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 7 мыңы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Ведомство жоспарынша, бірқатар жолдар 1-ші және 2-ші санатқа ауыстырылады. Бұл қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жасалуда. Осы мақсатта, бірнеше жол учаскелерінде 4 жолақты қозғалыс ұйымдастырылып, арнайы жолақтар жасалып, жол белгілері, буферлер мен жарық орнатылады. Сонымен қатар, айналма жолдар және жаяу жүргіншілер үшін жерүсті өткелдер де салынды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Жол салу талаптары қайта қаралып, қазір барлық жаңа жобаларды қайта жаңарту жұмыстары 2 кезеңге бөлінген. Бірінші, қолданыстағы жолдың жанынан жаңа жол салу, екінші қолданыстағы жолды жөндеу. Құрылыс жүргізілгенге дейін жобалар бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес жол қозғалысы қауіпсіздігіне аудит жүргізіледі, бұл өз кезегінде апаттық қауіпті учаскелерді анықтауға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында өрт қауіпті маусымдағы қолға алынып жатқан шаралар да талқыланды. Оның үстіне, Қазгидромед жаз соңына дейін өрт қаупі сақталатынын болжап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, табиғи өрттің алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, хабар ала сала әрекет ету және бірлесе жұмыс жасау механизмдері пысықталуда. Одан бөлек, заңнамаға да өзгерістер енгізілуде. Алайда, кейбір орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық және өртті цифрлық мониторинг жасау мәселелері толық шешімін тапқан жоқ. Премьер-Министр министрліктерге және өңір әкімдеріне орман өртіне қарсы күресті күшейтуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Бұл жұмыста цифрлық жүйелерді белсенді қолданған жөн. Пилотсыз ұшатын аппараттарды кеңінен пайдалану қажет. Олар ормандар мен даланы әуеден толыққанды тексеріп, қарауға мүмкіндік береді. Жалпы, экономиканың әртүрлі салаларында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттардың әлеуеті зор. Сондықтан, Өнеркәсіп министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек.