Премьер-Министр Конституцияның тың қағидаттарын мектептер мен колледждердің
және университеттердің үлгілік оқу бағдарламаларына енгізуді тапсырды. Үкімет
отырысында Олжас Бектенов Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бойынша
кешенді жүйе әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Ол сарапшылар және қоғам өкілдерінің қатысуымен еліміздің Негізгі заңының барлық новеллалары бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыс қарқынын жалғастыру қажет. Бұдан бөлек, Премьер-Министр Үкіметке Жаңа Конституция нормаларын ескеріп, қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізуді, әрі барлық заңдарды сәйкестендіруді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, белгіленген
мерзімдерде қолданыстағы заңнамаға кешенді талдау жүргізіп, барлық заңдар
мен бағдарламалық құжаттарды өзектендіру жұмыстарын аяқтау қажет. Барлық
орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға Іс-шаралар жоспарын
жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

