Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға
ресми сапармен келді. Мемлекет басшысын Ашхабад
әуежайында
Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды. Президент қазақ-түрікмен
ынтымақтастығы достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында қарқынды дамып
келе жатқанына назар аударып, Түрікменстанға ресми сапарының мақсаты екі елдің
стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге шығару екенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт
Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов Ашхабадтағы Абай ескерткішін салтанатты
түрде ашты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан
Республикасының Президенті:
- Ол теңдессіз туындылары
арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа
баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің
ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама
Айта кетейік, биыл Астанада түрікмен халқының ұлы
ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылды. Президент қазақ елі түркі
жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев
Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен
марапаттағаны үшін алғыс айтты
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Шын мәнінде, Абай мен
Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі
ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара
сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті
ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып
отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр.
Бұдан соң екі ел көшбасшылары Түрікменстанның
Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды.
Қазақстан
Президентін қарсы алу рәсімі «Оғызхан»
сарайында жалғасты. Мұнда Қасым-Жомарт
Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев
бауырлас екі ел арасындағы санқырлы ынтымақтастықты нығайтуда мұндай жоғары
деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. Түрікменстан - туысқан әрі
стратегиялық серіктес мемлекет.
Президент елдің өңірлік және халықаралық
қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосып келе жатқанын атап айтты. Өз
кезегінде Сердар Бердімұхамедов Түрікмен мемлекетінің бауырлас Қазақстанмен стратегиялық
серіктестікті жан-жақты өркендетуге бейіл екенін растады. Тараптар сауда-экономикалық
байланыстарды дамытуға, атап айтқанда энергетика,
көлік, сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар секілді маңызды
бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.