Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша әлемнің үздік 50 елдің қатарына кіреді. Республика сырттан қаржат тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Өңірге құйылған барлық қаражаттың 60%-тен астамы біздің еліміздің үлесіне тиесілі. Ал, инвестиция ағынын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Бұл ретте алдымен тұрақтылық және заңнамалық деңгейде бизнестің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету аса маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұл жайында сарапшылар Астанадағы инвестициялық форум барысында сөз етті. Қазақстан Жоғарғы сотының дерегінше, елорданың әкімшілік соты былтыр даулардың 80% жуығын шетелдік инвесторлардың пайдасына шешкен. Нәтижесінде олардың шамамен 100 млрд теңгесін сақтап қалды. Бұл отандық сот төрелігінің бейтарап ұстанымы мен қазақстандық заңнаманың нақты жұмысының айғағы.
Ғабидолла
Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы:
- Сандық
инвестициялық платформада жалпы сомасы 44 трлн теңгені құрайтын 950 астам жоба
тіркелген. Бұны доллармен есептесек - 80 млрд астам. Ондағы инвестициялық
жобалар үнемі бақылауда болады. Инвестор - ол өз қаражатымен келіп, оны
еліміздің экономикасына салатын субъект. Біз осыны естен шығармауымыз керек. Сол
себепті бүгінде барлық елдерде инвесторлар үшін күрес жүріп жатыр. Біз бұны
жақсы түсінгендіктен, елімізде барынша қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға
тырысып бағамыз.
Былтыр Қазақстан 3 трлн теңгеге жүзден астам инвестициялық келісімшарт жасасты.
Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, инвесторлардың қатары да кеңейіп келеді.
Біздің мемлекетімізге араб елдерінің бизнесмендері үлкен қызығушылық танытуда. Ал,
қаржы салу үшін отандық пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін металдарды игеру,
логистика, қайта өңдеу және машина жасау салалары аса тартымды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

