Қазақстан
Солтүстік және Орталық Азия аймағындағы жаңа жобаларға инвестиция тарту бойынша
көшбасшы атанды. 2024 жылы шетелдік бизнес біздің елімізге шамамен 16 млрд
доллар бағыттады. БҰҰ-ның
Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы
осы жылғы инвестиция тарту туралы есебін жариялады. Мәселен, 2023 жылмен
салыстырғанда республикадағы
капитал өсімі 88% құрады. Өңірге тартылған барлық инвестициялардың 63% -і Қазақстанға тиесілі.
Біздің елден кейін ЭСКАТО тізімінде
Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан,
Түрікменстан,
Грузия және Армения келеді.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, өңірдің инвестициялық ахуалы халықаралық
компаниялардың өз стратегияларын әртараптандыруға және «жасыл» энергия,
цифрландыру және технологиялық инновациялар сияқты негізгі бағыттардағы
жобаларды қолдауға ұмтылысын көрсетеді. Бұл ретте, сарапшылардың пікірінше,
Қазақстан ірі шетелдік инвесторлардың назарын аударуды жалғастыруда және
тұрақты өсім мен жаңа мүмкіндіктер үшін тұғырнамаға айналуда.
Ғабидолла
Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:
-
Ең ірі инвесторлар биыл бізге келген олар Қатар мемлекетінен. Соның портфельінде келесі
жобалар бар: біріншіден бұл агроөнеркәсіпті дамыту. Біздегі шығарылатын бидайды
терең өңдеу арқылы одан тағы да бірнеше тауар түрлерін шығару. Екінші - бұл
бізде газ өңдеу зауытын салу. Млрд-тық бұл жоба келесі жылдың аяғында немесе
2026-шы жылдың басында бітеді деп күтіліп отыр.
Биыл
республиканың көлік-логистикалық мүмкіндіктері кеңейе түсті. Бұған бірқатар
мемлекеттермен келісу ықпал етті. Ақпанда Мемлекет басшысы Сианьдағы
көлік-логистикалық терминалдың жұмысын бастады. Ол Қытайдың Шэньси қаласын
Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстырды. Одан кейін
жазда Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол
контейнерлері жөнелтілді. Бұдан басқа, Өзбекстанмен арадағы көлік-транзит
мүмкіндіктерін кеңейту және Трансауған теміржолы бағытын дамыту жөнінде уағдаластыққа
қол жеткізілді. Ал,
еліміздің жол инфрақұрылымына Дүниежүзілік банк 650 млн доллар бөлу жөнінде
шешім қабылдады. Қаражат «Орта дәлізді» дамытуға, оның ішінде «Жезқазған -
Қарағанды» автомагистралін жөндеуге бағытталады. Сондай-ақ, Азия даму банкі «Қызылорда
– Жезқазған» жолының құрылысын жүргізуге 300 млн доллардан аса қаражат бөлді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

