Солтүстік Қазақстан облысында тілсіз жаудың бірі өртті
енді робот сөндіреді. Жергілікті зауыттың инженерлері елімізде баламасы жоқ
ақылды құрылғы құрастырып, оны жергілікті құтқарушыларға сыйға тартты. Төтенше
жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша робот адам аяғы бара алмайтын аса қауіпті
аумақтарға жіберіледі. Яғни, оның жанар-жағармай құю бекеттері мен улы газ
тараған ортада жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Оның үстіне қашықтан басқарылады.
Ол үшін айналасына бірнеше камера орнатылған. Жылдамдығы секундына – 1 метр. Ал
су бүрку қашықтығы – 65 метрден асады.
Шынжыр табанды машина үйінділерді, баспалдақтарды және басқа да кедергілерді
оңай еңсереді. Робот 8 сағаттан астам уақыт тоқтаусыз жұмыс істейді.
Құтқарушылар жаңа өнімді жұмыс жағдайында сынақтан өткізді.
Әділ Спаен, СҚО ТЖД Басқармасы бастығының орынбасары:
– Жарылыс қаупі төнген кезде немесе қауіпті өндіріс
орындарында, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды сақтау нысандарында өрт
туындаған жағдайда енді біз осы роботтың көмегіне жүгінеміз. Робот кідіріссіз
жұмысқа қажетті барлық құралдармен жабдықталған.

