Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы классикалық стильде 10 шақырымға созылған сайыста қазақстандық шаңғышылар сынға түсті. Бұл қашықтықтағы бәйгеге 4 спортшымыз қатысты. Жарыс жолына шыққан спортшыларымыз Ангелина Шурыга 52-орын, Ксения Шалыгина 53-орын, Надежда Степашкина 57-орын, Валерия Тюленева 59-орыннан көрінді.
Валерия Тюленева, шаңғышы:
- Әрине, жағдай оңай емес, шаңғыларды, әсіресе классикалық шаңғыларды ұстап тұру және міну үшін оларға арнайы май жағу керек. Оны табу қиын. Оған қоса, күтпеген жерден жел көтерілді. Сонымен қатар биіктік те үлкен рөл атқарады. Себебі көңіл-күйіңе көп әсер етеді.
7-ші жарыс күнінде қазақстандықтар спорттың төрт түрінен сынға түседі. Бұл – шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек және шаңғымен секіру. Отандық шаңғышылар Виталий Пухкало мен Евгений Величконың Олимпиадада классикалық стильде жекелей 15 шақырымдық уақыт бойынша сынға түсуге тағы бір мүмкіндігі бар. Трамплиннен секірушілеріміз Сергей Ткаченко мен Данил Васильев негізгі айналымға шығу үшін бақсынайды. Іріктеу турнирінде олар жақсы нәтиже көрсетіп, келесі айналымға жолдама алған еді.