Ақордада бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары
марапатталды. Еске салайық, жарыс Ливерпульда өтті. Байрақты додада Қазақстан
құрамасы әлемнің 68 мемлекетінің арасында жалпы командалық есепте бірінші
орынды еншіледі. Еліміздің былғары қолғап шеберлерінің қоржынына 10 медаль
түсті. 7-уі алтын. Санжар Ташкенбай,
Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Алуа Балқыбекова, Аида
Әбікеева, Наталья Богданова, сондай-ақ Назым Қызайбай, Виктория Графеева және
Елдана Талипова жеңіс тұғырына көтерілді. Президент жаһанды тәнті еткен спортшылардың
өнерін еліміз үшін тарихи оқиға екенін атап өтті. Ол сондай-ақ бірінші әлем чемпионатының
қорытындысы - бұл бүкіл ұлттық құраманың үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін тілге
тиек етті. Ендігі мақсат - алдағы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарында ел
намысын аброймен қорғау, деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
– Әлемдік сайыста ел намысын қорғау – зор мәртебе әрі
үлкен жауапкершілік. Сіздердің жеңістеріңіз жастардың спортқа деген құлшынысын
арттырады. Спортшыларымыз ұлт саулығын жақсартуға үлес қосып жатыр деп айтуға
болады. Чемпион болу – ел мерейін асыру деген сөз. Спортшылардың даңқы – барша
халықтың даңқы. Олардың мәртебесі – бүкіл мемлекеттің мәртебесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастардың спортпен
шұғылдануына жағдай жасалғанын, инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беріліп
жатқанын айтты.
Балалар мен жастарға арналған жаңа спорт залдары,
кешендер мен үйірмелер ашылуда. Сондай-ақ, биыл Ұлттық спорт университеті
ашылады. Қазақстан Президенті жоғары спорттық жетістіктері үшін боксшылар мен
олардың жаттықтырушыларын мемлекеттік наградалармен марапаттады.

