Қазақстан болашақта өтетін олимпиадаларға отандық спортшыларды дайындау үшін шетелдік параспорт кеңесшілерін шақыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлім етті. Оның айтуынша, мамандар алдағы ойындарға дайындықты бастап кеткен. Басты назар халықаралық тәжірибеге аударылады.
Самат Ерғалиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы:
- Мысалы, көршілес Қытай мемлекеті төрт жыл аралығында жалпы командалық есепте 20-орыннан 1-орынға көтерілген. Аталған мемлекет өз спортшыларын дайындау барысында Ресей, Беларусь мемлекеттерінің мамандарын құрама командаларына кеңесші ретінде алған. Қазіргі таңда параспорт түрлері бойынша шетелдік кеңесшілерді тартуды қарастырудамыз. Сонымен қатар алдағы Париж және Милан паралимпиадаларына арнайы бағдарлама әзірленіп, Ұлттық Паралимпиада комитетімен бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз.
Еске сала кетейік, Қытайда өткен XIII қысқы Паралимпиада ойындарында 5 спортшы ел намысын қорғаған болатын. Қазақстан құрамасының қоржынында бір қола медаль болып, жалпыкомандалық есепте 53 елдің ішінде 17-орынға тұрақтады.