Қазақстан мен Тәжікстан президенттері келіссөз жүргізді

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға мемлекеттік сапары басталды. Мемлекет басшысын Душанбе әуежайында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды. Бауырлас қазақ еліне құрмет есебінде Құрманғазының атақты «Адай» күйі ойнап, мың бұралған тәжік қыздары би биледі.

Салтанатты рәсім елдің басты ордасы «Қасри Миллат» сарайында жалғасты. Ресми шара кезінде Мемлекет басшысының құрметіне зеңбіректен 21 рет оқ атылды. Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық, көлік-транзит, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары салаларындағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта қарқынды дамып келеді. Біз – сенімді одақтас елдерміз. Қазақстан тарапы Тәжікстанның қазақ халқына деген тілеулес ниетін жоғары бағалайды. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Біз алға қарай жылжуымыз керек. Бұл сапар – ынтымақтастығымызды дамытуға тың серпін беруді көздейді. Бүгін Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойылады. Меніңше, бұл құжаттың тарихи маңызы зор.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:

- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Тәжікстанға қош келдіңіз! Елімізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымыз. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға тың серпін беретініне сенімдімін. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығымыз қарқынды дамып келеді.