Қазақстан мен Сербия 10 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Сербия 10 құжатқа қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Белградқа ресми сапары аясында Қазақстан мен Сербия 10 құжатқа қол қойды. Олардың барлығы серіктестікті тереңдетуге бағытталған. Оның басым бөлігі аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, туризм, білім беру салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты. Жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Қазақстан мен Сербия президенттері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізілгеніне, оның стратегиялық маңыздылығына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бірлескен жобалар көлік-логистика секторында, «жасыл» энергетикада жүзеге асырылады. Президент агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастыққа жеке тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Қос тарап жаһандық және аймақтық қауіпсіздік туралы пікірлерін білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

 Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті, біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық.

Осы көктемдегі су тасқыны кезінде Сербияның қазақстандықтарға қаржылық қолдау көрсетуі екі ел арасындағы шынайы ынтымақтастық пен достықтың мысалы болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев серб халқына және Александр Вучичке шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Әсел Күшенғалиева

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?