Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады. Тараптар келіссөздердің нәтижелі өткенін хабарлап, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың табысты бағыты ретінде энергетика саласына тоқталды. Бұған «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы бойынша қол қойылған келісімдер оң ықпалын тигізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын аса нәтижелі деп бағалап, бұл сапардың екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қарым-қатынастарының жылнамасына ерекше оқиға ретінде енетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінгі қол қойылған құжаттар мен уағдаластықтар
Қазақстан-Ресей серіктестігінің сипатына сай. Оның мәні – дәстүрлі достық пен
тату көршілік қатынастарды барлық саладағы ортақ прогреске ұмтылыспен
ұштастыру. Сөз соңында екі ел байланыстарын өрбітуге қосқан тарихи үлесі үшін
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге шынайы ризашылығымды
білдіремін. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы сан қырлы мемлекетаралық
ынтымақтастығымыз айрықша сипатқа ие екенін тағы да растады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Біз саясат, экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды қозғадық. Қазақстан-Ресей байланысын нығайтудың басым міндеттері бекітілген бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды.
Қазақстан мен Ресей Президенттеріне екі елдің металлургия, мұнай химиясы
және машина жасау салаларындағы бірлескен өнеркәсіп кооперациясы жобалары
таныстырылды. Қазір жалпы сомасы 10 миллиард долларды құрайтын тағы 24 жоба
жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Ресей басшыларына «Астана - Мәскеу»
жүргізушісіз жүк көлігі автобағытының іске қосылуы көрсетілді. Жүргізушісіз жүк
автокөлік құралдары әлемде алғаш рет осындай форматта үш мың шақырымға жуық
қашықтықты екі тәулікте жүріп өтіп, сапар уақытын екі есе қысқартты. Президенттерге
Амур жолбарыстарын жерсіндіру жобасы таныстырылды. Ресей тарапы бұған дейінгі
келісім негізінде төрт Амур жолбарысын жеткізіп, жыртқыштар «Іле-Балқаш»
мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберілді. Сондай-ақ Мемлекеттер басшылары
Астанадағы «Сириус» мектебінің құрылысын бастап берді. Жобаның мақсаты –
инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын
тәрбиелеу.

