Қазақстан мен Оңтүстік Корея
жалпы құны бір жарым млрд доллар болатын 5 бірлескен жаңа инвестициялық жобаны
жүзеге асыруға дайын. Бұл жөнінде Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен таңғы шық
елінің сауда министрі Ан Док Гынмен кездесуі аясында айтылды. Сондай-ақ
тараптар шамамен 500 млн долларға бағаланған тағы 25 әлеуетті жобаны әзірлеп жатқаны атап өтілді.
Бұл ретте еліміздің Үкімет басшысы жаңа ірі KIA зауытының құрылысын мысалға
келтірді. Ол Қазақстан Үкіметі алдағы уақытта да инвесторлардың елімізде жайлы
жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатынын жеткізді. Оңтүстік
Корея қазір ел экономикасындағы ірі инвесторлардың үздік ондығына енетінін айта
кеткен жөн. Бұл елден соңғы 18 жылда Қазақстанға 9 млрд доллардан астам инвестиция тартылған.