Цифрландыру және AI – Еуразиялық ынтымақтастықтың басымдықтары

Цифрландыру және AI – Еуразиялық ынтымақтастықтың басымдықтары

Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Қазақстан Президенті іс-шараларға қатысқаны үшін ЕАЭО мүше елдер - Беларусь, Қырғызстан, Ресей көшбасшыларына, Армения Вице-премьеріне және байқаушы мемлекеттердің басшыларына, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтарға алғыс айтты. Ол бүгінгі кездесудің символикалық мәніне назар аударды. Дәл осы күні, 2014 жылы Бірлестіктің негізі қаланған Шартқа қол қойылды. Жоғары кеңестің шешімімен 29 мамыр – Еуразиялық экономикалық одақ күні болып ресми түрде жарияланды. Бүгінде одақ экономикалық дамудың оң динамикасын сақтап отыр. Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 95 млрд доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6% ұлғаяды деп күтілюде. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл 100 млрд долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді, деді. Президенттің айтуынша, дегенмен халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүние жүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды. Қазіргі сәтте Бірлестігімізді жаңа жағдайларға бейімдеу, ішкі орнықтылықты нығайту және бәсекеге қабілеттілікті арттыру өте өзекті міндет болып тұр.

Одақтың Жоғары Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстан Президенті интеграциялық құрылымды одан әрі дамыту үшін бірқатар стратегиялық басымдықтарды белгіледі. Олар цифрлық технологияларды белсенді енгізуге, көлік-логистикалық байланыстарды күшейтуге, кедергісіз сауданы кеңейтуге бағытталған.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Одақ аясындағы ақпараттық жүйелерді өзара кіріктіру – уақыт талабы. Осы орайда Еуразиялық экономикалық комиссия ұлттық сервистердің цифрлық «сөресін» жасақтауды қолға алды. Бұл – өте өзекті. Аталған үдерісті жеделдетіп, ЕАЭО цифрлық көлік дәліздерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктірсек, Еуразияның жоғары технологиялы көлік хабын құруға әбден болады


Сонымен қатар, одаққа мүше елдердегі агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялаудың маңызына назар аударылды. Қазақстанда озық үлгідегі технологияларды қолдану тиімділігінің нақты мысалы бар. Цифрлық болжау мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде елде екінші жыл қатарынан егін бітік шығып, 27 млн тонна көлемінде астық жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық азық-түлік нарығындағы одақтың позициясын нығайтатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға күш салу қажет деп санайды. Оларды қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Еуразия даму банкінің мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Сонымен қатар, одақтың сыртқы сауда-экономикалық әлеуетін іске асыру маңызды. Мемлекет басшысының пікірінше, Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Латын Америкасы елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік экономикалық бірлестіктермен байланысты одан әрі кеңейту қажет.

 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?