Қазақстан мен Малайзия ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне шығуда. Оған Малайзия Премьер-Министрі Анвар Ибрагимнің республикаға ресми сапары серпін береді. Бұл туралы Ақордада өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президенттің айтуынша, Малайзия – Қазақстанның Оңтүстік-шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Президенттің айтуынша, дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жыл ішінде екі ел арасында ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасты. Қазіргі геосаяси және экономикалық ахуалға байланысты мемлекеттердің қарым-қатынасын одан әрі нығайтудың маңызы арта түсті. Тараптар барлық саладағы ықпалдастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екеніне сенімдімін.
Сіздің бизнес-форумға қатысу ниетіңізді құптаймын. Іскерлік топтар арасындағы
байланыстар – өзара қарым-қатынасты дамытудың маңызды факторы. Біз малайзиялық
компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз.
Бұл ретте Қазақстан Үкіметі қажетті көмек көрсетуге дайын. Бұдан бөлек, екі
елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы
тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отыр.
Өз кезегінде Анвар
Ибрагим Малайзия Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға
ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл бағытта тараптардың әлеуеті зор. Сондай-ақ оларды жүзеге асыра бастады. Осылайша,
2023 жылы Қазақстан Малайзияның Орталық Азия өңіріндегі ең ірі сауда
серіктесіне айналды, мемлекеттер арасындағы тауар айналым
бір жылда 64%-ке
өсті. Біздің еліміз Малайзияға шикі мұнай, қара металл бұйымдары, геодезиялық
аспаптар мен трансформаторларды экспорттайды. Ал елімізге Малайзиядан пальма майы, тұрмыстық техника, телефон аппараттары импортталады.
Анвар Ибрагим, Малайзия Премьер-Министрі:
-Нақты ұсыныстарымыз бар. Министрлеріңізбен импорт және экспорт мәселелері жөнінде екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Малайзияның тауарлар нарығы орасан зор. Қазіргі кезде біздің еліміз компьютер чиптерін өндіретін өңірлік хабқа айналды. Оған АҚШ, Еуропа елдері, оның ішінде Германия, сондай-ақ Қытай ауқымды инвестиция құйып отыр. Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, сіздің елде табысты жүзеге асырылған өзгерістерден үлгі алғымыз келеді.
Кездесу барысында түрлі салалардағы жан-жақты серіктестіктің
мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар
БҰҰ, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім шаралары жөніндегі Кеңес секілді халықаралық
құрылымдар аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.