Туризм Жетісу
өңірі экономикасының басты драйверіне айналуы тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы
Талдықорғанға жұмыс сапары барысында айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті
туристік-рекреациялық аймақтарға инженерлік-коммуникациялық желілерді қосу,
сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттыруға белсенді түрде кірісу қажеттігін
атап өтті. Десе де, бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жолдар
жөнделіп, Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңартылды. Экологиялық
туризмді дамыту бойынша жобалар да жүзеге асырылуда. «Жоңғар Алатауы»,
«Алтын-Емел» ұлттық табиғи парктерінде жалпы құны 1.7 млрд теңгеге 8
инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы облыста туристік қызмет көрсету
көлемі 16 млрд теңгеге дейін өсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы, облыста
туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп,
дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер
неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм
саласындағы әлеуеті өте зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне сапары барысында облыстағы ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын цемент зауытында болды. Қазақстан-Сингапур бірлескен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылына 1,5 млн тонна материал өндіріледі. Өнім Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталады. Президентке Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. Мәселен, аймақтағы өндіріс көлемі шамамен 6%-ке ұлғайған. Облыстың өнеркәсіп өндірісінде 500-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 14 нысанды іске қосу жоспарланған. Өңір экономикасына биыл 214 миллиард теңгеге жуық қаржы тартылды.
Қасым-Жомарт
Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет
басшысы Үштөбе қаласында биыл пайдалануға берілген Қаратал тарихи-өлкетану
музейіне барды. Мұнда археологиялық артефактілер мен этнографиялық жәдігерлер
қойылған. Президентке Қаратал ауданының тарихы, оның әкесі – жазушы Кемел
Тоқаев, халық әртісі Бикен Римова және осы өңірден шыққан танымал тұлғалар туралы
тың деректер таныстырылды. Сонымен қатар өзге де нысандардан ауданның гүлденіп,
дамып келе жатқанын көруге болады. Мемлекет басшысы Үшаралда биыл қолданысқа
берілген дәрігерлік амбулаторияны, мектеп пен гуманитарлық колледжді де
аралады. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев
көршілес Кәлпе ауылының инфрақұрылымымен танысты.