Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастық артады

Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастық артады

Қазақстан мен Болгария арасындағы ынтымақтастық артып келеді. Былтыр өзара сауда-саттық көлемі 4 есе артып, 375 миллион долларға жетті. Биылғы 4 айда бұл көрсеткіш 83 миллион доллардан асты. Тараптар енді жетістікті еселеуді көздеп отыр. Ынтымақтастықтың келешегі екі ел Президенттерінің кездесуінде талқыланды. Астанаға ресми сапармен Болгария Президенті Румен Радев келді. Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін баса айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, «жасыл» энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік.

Қазақстан мен Болгария президенттері шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы болгар компанияларымен, инвесторларымен өзара ықпалдастықты қолдайтынын жеткізіп, бұл ретте Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Президент аталған комиссия аясында Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Осының аясында стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Мемлекет басшылары БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті.

Румен Радев, Болгария Республикасының Президенті:

- Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы өзара ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. Транскаспий көлік дәлізін одан әрі дамыту жөніндегі меморандумға қол қойылуы екі ел арасындағы байланыстарды ілгерілетуге ниетті екенімізді көрсетеді. Осы орайда Қазақстан мен Болгарияның географиялық тұрғыдан орналасуын барынша тиімді пайдалану керек. Өйткені бұл бағыт Азия мен Еуропаны жалғайды. Сонымен қатар жүк тасымалы, энергетика және цифрландыру салаларында ғана емес, мәдени байланыстарымызды кеңейтуде де мүмкіндік мол.

Бұдан бөлек, Қазақстан Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық, білім беру және өңіраралық байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға уағдаласқанын жеткізді. 2018 жылы София қаласында Астана көшесі пайда болды. Енді жақын арада елордада Болгария астанасы - София атты көше ашылады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Болгария 5 құжатқа қол қойды. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?