Бүгін Ақордада
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық спортшыларды жүлделерімен құттықтады. Олардың
қатарында елімізден еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанған
Ризабек Айтмұхан мен ХІХ жазғы Азия ойындарының спортшылары бар. Атлеттеріміз
нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет
басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан
құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан әр спортшының
бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды. Алайда президент еліміздің жалпы көрсеткіші бұдан
да жақсы болуы мүмкін еді, қателіктерді түзейтін кез келді деп қосты.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Спорт саласы
әрдайым мемлекеттің назарында. Спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіліп
жатыр. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, кәсіби
спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес. Ашығын айтуымыз керек,
нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайды.
Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни
реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты
дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек. Сонымен қатар бірқатар бағыттар
бойынша нақты және шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бөлінген қаражаттың қайтарымдылығын түбегейлі арттыру, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылымды құра отырып, нақты спорт түрлеріне назар аудару және ұлттық құрамалардың дайындық деңгейін арттыру қажет. Мемлекет басшысы спортшылардың резервін даярлау мәселесіне арнайы тоқталып, Үкімет пен әкімдер дарынды әрі болашағынан зор үміт күттіретін атлеттерге қолайлы жағдай жасауға тиіс екенін айтты. Президент сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды.