Жаһандық ынтымақтастықтың әлеуеті. Астанада БҰҰ Болашақ саммитінің негізгі бастамалары ұсынылды. Еске салайық, жыл сайынғы дәстүрлі шара биыл 22 және 23 қыркүйек күндері БҰҰ штаб-пәтерінде өтеді. Келелі жиын нәтижесінде «Болашақ үшін пактісі», жаһандық цифрлық шарт және «Болашақ ұрпаққа арналған декларация» бекітілуі тиіс. Осыған орай, елордада бас қосқан дипломатиялық корпус білікті отандық және шетелдік ғалымдар қауіпсіздік пен орнықты даму мақсаттарын қамтамасыз етудің тың жолдарын талқылады. Сарапшылар Қазақстанның жаһандық ынтымақтастық тізбегіндегі көпжақты дипломатиясына оң баға беріп отыр. Айтуларынша, еліміз БҰҰ-ның аясында әріптестіктің көкжиегін кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі беделін арттырып келеді.
Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанда 30 жылдай жұмыс істеп келеді. Біз тұрақты дамуды ілгерілету үшін ел азаматтары және үкіметпен ынтымақтасамыз. Мәселен, жаңартылатын энергия көздері және климаттың өзгеруі сынды мәселелермен күрес бағытында Ұлттық экономика министрлігі, Экономикалық зерттеу институтымен бірлесе статистикалық зерттеулерді нығайтуға үн қосып жатырмыз. Сондай-ақ, жоғары технологиялар мен орнықты ауыл шаруашылығына көшу жолында шағын шаруа қожалықтары және әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға тырысамыз.
Нико Шермерс, Нидерландының Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстан БҰҰ-ның көптеген құрылымдық бөлімшелерінің аса маңызды ойыншысы.
Мысалы, қазіргі таңда БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне Қазақстан
Нидерландымен бірге тең төрағалық етуде. Біз көпжақты дипломатияны ұстанатын Қазақстанды
өте маңызды әріптес ел ретінде көріп отырмыз. Сондықтан, біз, Қазақстан халықаралық
деңгейдегі беделін одан әрі арттырып, көпқырлы саясатын нығайта түседі деп сенеміз.