Әзірге қанатқақты бастама тек төменгі буын оқушыларын қамтиды. Арнайы оқулықтар мен әдістемелік құралдар әзірленіп, мұғалімдер дайындалуда. Ал, жақын болашақта жоспарға сай бұндай сабақтар Қазақстанның білім беру жүйесіне жаппай ендіріліп, міндетті пәндердің қатарын толықтырады. Тың отандық бастамамен жергілікті салалық мамандармен қатар ФИДЕ өкілдері, шахматтан халықаралық гроссмейстерлер танысып жобаға жоғары баға берді. Шетелдік мамандар осыған қатысты өздерінің ой-тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби кеңестерін берді. Айтуларынша, еліміздің осы бағытты дамытуда әлеуеті зор. Бұған қазір Астанада өтіп жатқан әлем чемпионаты бірден-бір дәлел бола алады.
Дана Рейзниеце-Озола, FIDE халықаралық шахмат федерациясы басқарма төрағасының орынбасары (Латвия)
– Біз үшін ең маңыздысы білім берудегі шахматтың бірнеше түрі бар екенін көпшілікке түсіндіріп жеткізу. Тек болашақ чемпиондарды дайындау үшін ғана ойынның қыр-сырын оқыту қазір аздық етеді. Жалпы шахматтың оқу үрдісіне берер әлеуеті мен ауқымы кең. Ол арқылы балаларды математика мен бағдарламалауға, тіпті, тіл мен дене шынықтыруға баулуға болады. Оның бірнеше тиімді әдісі бар. Осылайша, шахмат ұстаздың қолындағы тиімді оқу құралына айнала алады.
Владимир Барский, шахмат оқулықтарының авторы, журналист және жаттықтырушы (Ресей)
- Біздің бағдарлама өте ауқымды. Оның ішіне шахмат сабақтарын жүргізетін оқытушыларды кешенді дайындау бағдарламасы да қамтылған. Ол мектеп оқушылары арасында шахматты дамыту үшін түрлі жарыстар ұйымдастыруда көздейді. Ең алдымен шахмат зияткерлік қабілетті дамытады. Балалардың ой-өрісі дамиды. Шешім шығармас бұрын ойланып барып ғана әрекет жасауға үйренеді. Өз ісіне жауапты болады. Қатаң ережелерден құралғандықтан, жастайынан тәртіпке дағдыланады.
Жеңіс Ермұқанов