Қазақстан Президенті Креативті индустрияны дамыту қорының жұмысымен
танысты. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық креативті
секторды қолдаудың негізгі институты ретінде құрылған. Жаңа кеңістік шығармашыл
жастар, инвесторлар мен туристер бас қосатын орынға айналмақ. Мұнда шеберханалар,
өнер залдары мен fashion-аймақ ашылды. Yurt Capsule – кеңседегі негізгі орынның
бірі. Жоба цифрлық өнерді, мультимедиялық контентті және мәдени сторителлингті
бір арнаға тоғыстырады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның брендін
қалыптастыру тұжырымдамасы таныстырылды. Бастама мәдени мұраларды заманға сай
жаңаша интерпретациялау, креативті индустрияны дамыту және ұлттық бірегейлікті
нығайту арқылы еліміздің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Қор жастарға
қолдау көрсету, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру, отандық креативті
өнімдерді сыртқы нарыққа шығару бағыттары бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар
барлық облыс орталығында ашылған өңірлік хабтардың қызметін үйлестіреді.

