Солақай кеңестік саясат қасақана ұйымдастырған жасанды зауалдың кесірінен елімізде кемі екі млн адам аштықтан ажал құшты. Бұл аз болғандай, нәубет жылдары тұтас халықтың бетке ұстар қаймақтары қудалауға түсті. Алты алаштың қамын арқалап жүрген 100 мыңнан астам азамат қамалып, оның төрттен бірі атылды. Дені – саяси, ғылыми және мәдени саланың майталмандары, қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялылары. Елінің мүдесі үшін жазықсыз жаза кешкендердің бірі халық ағартушысы - Темірбек Жүргенов.
Бауыржан Иманғалиев, Қазақстанның мәдениет қайраткері:
- Ол Алаш қайраткерлерімен тығыз жұмыс істеді. Ахмет Байтұрсыновты өз қарамағына жұмысқа алды. Тұрмағамбет Ізтілеуівке Фердаусидің «Шахнамасын» аудартты. Өзі «Терме» деген үлкен жинақ құрастырып, оған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жинады. Алғашқы қазақ педогогикалық институтының ректоры Темірбек Жүргенов дейміз. Бар болғаны 39-ақ жыл өмір сүрген аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанда мәдени-ағарту саласында үлкен революция жасады.
Осынау қатыгез саясаттың кесірінен жүз мыңдаған қазақ туған жерін тастап, шекара асуға мәжбүр болды. Өзге елден пана іздеп, тар жол тайғақ кешкен керуеннің бірінде 45 мыңға жуық адам ұзақ сапарға шыққан. Бұл көш Алтайдан Түркияға жол тартқан еді. Алайда Гималай таулары, Үндістан мен Пәкістан жерін бәрі бірдей аса алмады.
Жандос Болдықов, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:
- Нақты деректер бойынша 3 200 адам Үндістанға жеткен. Үндістанда болған уақыттың ішінде де көптеген адам қайтыс болған. Оларға ауа райы жақпады, сол заманда оба сынды көп қатерлі аурулар болды. Олар күш жинаған соң әрі қарай Пәкістанға қоныстанып, одан соң Түркияға шықты, ал Түркияға тек 1200 адам ғана жетті.
Сол «Қаралы көш» ұрпақтарының дені әлемге тарыдай шашылып, әлі күнге дейін жырақты паналап жүр. Бауырлас елде туып өскен қандасымыздың бірі - ақын Зейнел Сүрмелі сол қасіретті кезеңді өз жырларына арқау еткен. Оның еңбектері жақында ана тілінде жарық көрмек.
Мұхаметқали Баймұханов, Қазақстанның мәдениет қайраткері:
- Осы көшті басынан аяғына дейін өлеңмен жазған. Үлкен әсермен айтылған. Сол біздің қолымызға түсіп, оны қызметкерлеріміз Ыстамбұлдан алып келді. Ескі арап әрпімен жазылған. Соны аударып, үлкен кітап болды.
Еске салайық, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мақсат - қасіретті кезеңнің тарихи әділдігін орнату.