Қазақстан - АҚШ: Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту

Қазақстан - АҚШ: Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары барысында АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнаулы өкілі Серджио Гордымен кездесті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға мән берілді. Мемлекет басшысы еліміз АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі саналатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мен АҚШ Сауда министрі Говард Латник екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялық серіктестіктің әлеуетін қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Америкалық бизнес үшін республикамызда энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларында үлкен мүмкіндік бар екенін жеткізді. Өз кезегінде америкалық министр Құрама Штаттардың Қазақстанмен сауда-экономикалық, индустриалдық, көлік-логистикалық және инвестициялық салаларда бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық танытатынына тоқталды.

Говард Латник, АҚШ Сауда министрі:


- Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайту өзара сауда байланыстарын дамытуда негізгі рөл атқарады және маңызды минералдарды игеру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл бағытта бірлесіп инвестиция құя аламыз. Локомотив секторында Wabtec компаниясын таңдағандарыңызға қуаныштымыз. Бұл – екіжақты ықпалдастықтың негізі.


Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке сапары аясында америкалық Wabtec компаниясымен жалпы құны 4,2 млрд долларға жуық келісімге қол қойылды. Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған. Көлік технологиясы бойынша әлемдегі көшбасшы компания еліміздің теміржол саласын жаңғырту ісінде негізгі серіктестеріміздің бірі. 2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Былтыр шілде айында компания елімізде технологиялық және инженерлік орталығын ашты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларк екіжақты тауарайналымын ұлғайту мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы жуырда Қазақстанда жүргізілген жоғары деңгейдегі америкалық сауда-инвестициялық миссиясының қорытындысын құптап, еліміз АҚШ Үкіметімен және іскерлік орта өкілдерімен тиімді ықпалдастық орнатуға бейіл екенін жеткізді. Өз кезегінде Сюзанн Кларк экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін растады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?