Осыған орай бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың тізімдері тексеріліп, дауыс беру пункттері дайындалуда. Аймақта алты жүзден астам сайлау учаскесі бар. Сонымен қатар дауыс беру құқығы бар азаматтар туралы мәліметтерді түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Сайлаушылардың ішінде екі мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олар қажетті материалдық-техникалық базамен, сурдоаударма қызметімен қамтамасыз етілген.
Олжас Ыдырысов, облыс әкімі аппаратының жетекшісі:
- 631 сайлау учаскесінің 532-сі пандустармен, сонымен қатар тактильді көрсеткіштермен қамтамасыз етілген. Есту қабілеті бұзылған 652 сайлаушыға онлайн немесе офлайн режимде көмек көрсету үшін сайлау учаскелерінде сурдоаудармашы қызметтері жұмыс істейтін болады. Дауыс беру күні облыс орталығында инватакси мен әлеуметтік такси қызметі іске қосылады.
Сағындық Мауғазин, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Облыстық мәслихатқа келетін болсақ, 53 кандидат ресми тіркелді. Және Петропавл қалалық мәслихатына да 53 кандидат тіркелді. Бұдан басқа облыстық мәслихатқа 6 партия өзінің партиялық тізімін ұсынды.
Ал Павлодар облысы бойынша Парламент мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 688 кандидат ұсынылды. Бүгінгі күнге дейін азаматтардың 600-ге жуығы ресми түрде тіркелген. Сонымен қатар, саяси партиялар атынан 77 азамат кандидаттығын ұсынған. Үміткерлердің басым көпшілігі аудандық және қалалық мәслихаттар бойынша сайлауға қатыспақ. Орташа есеппен бір мандатқа үш адам тіркеліп отыр. Кандидаттардың арасында ең жасы – 20-да. Сайлау комиссиясы өкілдерінің айтуынша, жастар арасында дауысқа түсуі – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Гүлнәр Аманжолова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Бұрынғы сайлауларға қарағанда осы жолғы бәсеке күшті болмақ. Заң бойынша бір сайлау округінде кем дегенде екі кандидат тіркелуі керек. Ал өңірімізде кей учаскелерде 10 үміткер бар. Ендігі мақсатымыз, саяси науқанды заңбұзушылықтарсыз, барлық талаптарға сәйкес өткізу.