Қазақстан
– 2025 жылы қытайлық туристер үшін ең перспективалы бағыт. Бұл беделді аталым
«Kazakh Tourism» компаниясына Қытайдың жетекші онлайн-туристік агенттігі
Tongcheng Travel тарапынан берілді. 230 миллионнан астам қолданушысы бар платформа саяхаттарды
жоспарлауға арналған кешенді қызметтерді ұсынады. Оның мәліметінше, біздің елге келуге сұраныс 2023 жылмен салыстырғанда
2024 жылы 300%-ке өсті. Турагенттіктің болжамы бойынша, осындай үрдіс биыл да
сақталады. Айта кетейік, былтыр Қазақстанға Қытай халық республикасынан келген
туристер легі шамамен 80% ұлғайып, 655 мың адамды құрады. Негізінен, Аспан асты
елінен келген жиһанкездер республиканың тұмса табиғатына, табиғи ландшафттарына,
тарихи ескерткіштері мен мәдени мұраларына ерекше қызығушылық танытуда.
Даниел
Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Өткен жылмен салыстырғанда Қытай туристерінің
қатары шамамен екі есе артты. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған саясаттың
нәтижесі, әрине визасыз режимінің енгізілуі де өз үлесін қосты. Сонымен қатар, 2024
жылы Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы деп жариялану да өз нәтижесін берді.
Tongcheng Travel бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасады деп болжам жасап отыр.
Сондай-ақ, беделді британдық Lonely Planet басылымы Қазақстанды 2025 жылы
саяхаттауға арналған үздік елдердің қатарына қосты. Ал CNN Travel Алматы
қаласын биыл саяхаттауға тұрарлық ең үздік орындар тізіміне енгізді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

