2023 жылы бірнеше жаңа халықаралық рейстер қосылмақ. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады. Олардың арасында елордадан Катар астанасына, Ақтаудан Анкараға, Астанадан Баку қаласына, Шымкенттен Душанбеге, Бангоктан Алматыға қатынайтын рейстер бар. Осы және басқа да бағыттар көктемгі-жазғы навигация кезеңдеріне сәйкестендірілген деп түсіндірді ведомства өкілдері. Халықаралық жаңа рейстермен қоса бұрынннан бар рейстердің санын ұлғайту да жоспарда. Мәселен, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Үндістан, Қытай, және Ұлыбританияға қатынау көбейеді. Сондай-ақ рейстер санын жаңарту Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқанд және Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша жүзеге асты.
Тимур Тілегенов, ҚР ИИДМ ААК төрағасының орынбасары:
- Халықаралық маршруттарды ашу бойынша жоспарымыз ауқымды. Биыл біз 13 шақты жаңа халықаралық рейс қосқалы отырмыз. Бұл Куала-Лумпур- Алматы, Алматы – Медина, Актау-Медина, Шымкент-Медина және басқалары. Оларды 2023 жылдан бастап қазақстандық әуе компаниялары мен шетелдік тасымалдаушылар орындайды. Тәуекелдерге келетін болсақ, онсыз әрине болмады, оның барлығын да зерттеп, талдадық. Бұл жұмыстар халықаралық азаматтық авиация ұйымдарының нұсқаулығымен жүзеге асырылады. Түпкі мақсат әрине бәсекелестікті күшейту және сол арқылы бағаның төмендеуіне ықпал ету.
Сондай-ақ бейінді комитет өткен жылы аптасына 25 рет қатынау жиілігімен 7 мемлекетке 10 бағыт ашылғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстан «ашық аспан» режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзартты.